Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қоқыс полигондарын салу бағдарламасын баяу іске асырып жатқанын айтты.
Үкімет басшысының нақты сұрағына жауап берген министр Ерлан Нысанбаев бұл бағыттағы жұмыстардың кешеуілдеп жатқанына заң нормалары да кедергі келтіріп жатқанын айтты.
«Үкімет 2023 жылдың аяғында кешенді іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Онда 100 жаңа полигон салу қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспардағы 120 полигонның жетеуі салынып, іске қосылды. 23 полигонның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. 18 полигонның құжаттамасы әзірленіп жатыр. Қалған 52 полигон бойынша биыл өңірлерге құжаттама әзірлеуге қаражат қарастырылған. Полигондардың Экологиялық кодекске сәйкес келмеуінің бірден-бір себебі – қала мен ауылдарға бірдей талап қойылуында. Ауылды мекендерге тиісті талаптарды орындау үшін қыруар қаражат керек. Кодексте осы талаптарды жеңілдету бойынша өзгерістер қарастырылған. Біз өз тапсырмаңыз бойынша полигондардың құрылысына утиль алым есебінен қаржыландыру көзделіп отыр», – деді министр.
Алайда Олжас Бектенов министрлік әкімдіктердің жұмысын тиімді үйлестіре алмай отырғанын айтты.
«Жалпы осы бағытта жұмыс баяу жүріп жатыр. Ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Министрлік әкімдіктердің жұмысын дұрыстап үйлестіру керек. Осы бағытта министрліктің белсенді ұстанымы керек. Оны біз көріп отырған жоқпыз», – деді Олжас Бектенов.