Бүгін Үкімет отырысында отын-энергетика кешеніндегі қалдықтарды басқару мәселелері талқыланды , деп жазады Egemen.kz.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, жер қойнауын пайдаланушылар қоршаған ортаға кері әсерді азайту мақсатында экологиялық заңнаманы, стандарттар мен нормаларды сақтай отырып, өнеркәсіп қалдықтары және мұнай қалдықтарымен жұмыс жүргізіп жатыр.
Мәселен қалдықтарды өндіру, кәдеге жарату, қайта өңдеу немесе басқа салаларда пайдалану сатысында пайда болатын қалдықтардың көлемін азайтуға бағытталған технологиялар қолданылады.
«Мұнай шламының пайда болуына жол бермеу шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Оның құрылуына қарай не өз күшімен, не мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, жинау және қайта өңдеу жүргізіледі, мұнай шламын көмуге жол берілмейді. Өндіріс процесінде пайда болған мұнай шламы жинақтау кезеңін айналып өтіп, дереу өңдеуге немесе кәдеге жаратуға жіберіледі», деді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
«Қаражанбасмұнай», «ӨзенМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» және «ЕмбіМұнайГаз» компанияларының нысандарында мұнай қалдықтарын кәдеге жарату және ластанған жерлерді тазарту жұмыстарын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүргізіп жатыр.
2018–2024 жылдар аралығында шамамен 4,5 млн тонна тарихи мұнай қалдықтары өңделген.