Current Date: 29-03-2025

Депутат Атырау облысындағы су арналары мен шалғай ауылдардың мәселесін көтерді

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновке Атырау облысының Исатай ауданындағы су шаруашылығы инфрақұрылымының жағдайы мен ауылдық жерлердегі әлеуметтік мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сауалда Исатай ауданында орналасқан Бақсай, Нарын және Сборный суару арналарының техникалық ахуалының төмендігіне байланысты алаңдаушылық білдіріліп отыр. Облыс көлемінде 3,2 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері болғанымен, нақты пайдаланылып жатқан суармалы жер көлемі небәрі 5 321 гектарды құрайтыны атап өтіледі. Бұл көрсеткіш жалпы әлеуеттің 33 пайызынан да төмен.

Депутаттың айтуынша, бұл жағдайдың басты себептері – «су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы, су арналарындағы өткізгіштік қабілеттің төмендеуі, механикалық тазарту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілмеуі, автоматтандыру деңгейінің төмендігі және білікті кадрлардың жетіспеушілігі» болып отыр. Соның салдарынан су тұтынушыларға жетпей, ысырапқа ұшырап жатқанын айтады.

Сондай-ақ, Бақсай, Нарын және Сборный арналарының лай, балдыр, қамыс сияқты бөгеттерге толып, су айналымының бұзылғаны салдарынан Аққыстау, Жанбай, Зинеден және басқа ауылдарда егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына елеулі кедергілер туындап отырғаны көрсетілген. Бұл су арналарының «осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық өмірінің өзегі» екенін ескере отырып, мәселенің уақытылы шешілмеуі ауыл халқының жағдайының нашарлауына, көші-қон үдерісінің күшеюіне әкелуі мүмкін екені ескертілген.

Осыған орай, келесі нақты шараларды қабылдау ұсынылады:

  1. Суармалы арналарды қалпына келтіру бойынша кешенді техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу;
  2. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану арқылы су үнемдеу технологияларын (тамшылатып және жаңбырлатып суару) енгізу;
  3. Қосымша су жинақтаушы қоймаларды салу және су тасқыны кезінде суды тиімді пайдалану жүйесін құру;
  4. Су арналары бойындағы инженерлік инфрақұрылымды цифрландыру және автоматтандыру;
  5. Су шаруашылығы саласындағы кадрлық әлеуетті арттырып, мамандар даярлау жүйесін жетілдіру.

Сонымен қатар, депутат Серік Жамбылұлы Шәпкеновке жолдаған сауалында Исатай ауданына қарасты Қызыл үй және Жасқайрат ауылдарына қатысты мәселелерге де тоқталған. Бұл ауылдарда халықтың медициналық жедел жәрдем көлігіне мұқтаждығы және жол инфрақұрылымының нашарлығы айтылған.

«Өңірдегі ауылдық жерлерде барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар ретімен шешімін тауып жатыр» деп атап өте отырып, шалғай ауыл тұрғындарының көтеріп отырған өзекті мәселелері келесі ұсыныстармен нақтыланған:

  1. Исатай ауданынан Қызыл үй және Жасқайрат ауылдарына апаратын ауыларалық автомобиль жолдарын салу;
  2. Аталған ауыл тұрғындарына жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету үшін арнайы жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету.

Депутаттық сауалда көтерілген бұл мәселелер мен ұсыныстар ауыл шаруашылығын дамытуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететіні атап көрсетілген.