Рамазан айының аяқталуына санаулы күн қалды .
Наурыздың 26-сынан 27-іне қараған түн – Қадір түні. Күллі мұсылман үшін бұл түннің маңызы зор, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алла Тағала Құранда: "Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады" ("Қадір" сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды. Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі", — деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның сөзінше, бұған тұтастай осы қасиетті түнге қатысты баяндалған "Қадір" сүресі дәлел болады.
"Айша анамыз (оған Алла разы болсын): "Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан" дейді. Бұл түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасауды ұмытпайық. Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?" деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші" деп айтасың" деп жауап берген", — деп атап өтті ол.
Хадистердің бірінде: "Кімде кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі" делінген.
"Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай. Баршаңызды ел игілігі мен бірлігі үшін дұға жасауға шақырамын. Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай!", — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
"Қадір" – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, өлшеммен бекітілген, артық-кемі жоқ, дұрыс деген мағыналарға саяды. Ал шариғи терминдік мағынасына "бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні" деп анықтама берілген.
Ғалымдар бұл түннің атауына байланысты бірнеше себеп келтірген:
1) Қадір түні – шәраф, яғни қадірлі, шарапатты, абыройлы түн.
2) Қадір тағдыр мағынасында келеді, яғни осы түні бір жылда болатын оқиғалар мен болмыстың тағдыры, ризық-несібесі мен ажалы жазылады.
3) Қадір сөзі құрметті, қасиетті деген мағынаға саяды. Қадір түнін ұйықтамай, құлшылықпен өткізген кісі Алла Тағаланың құзырында құрметке бөленеді.
Қадір түні оқылатын дұғалар
- Ықылас сүресі – 100 рет.
Бисмилләһир рахмәнир рахим. Қуль һу уаллаһу аһаді. Аллаһус самаді. Ләм иәлиді, уә ләм иуләді. Уә ләм иәкуль ләһу куфууән ахаді.
Ықлас сүресінің қазақша мағынасы: "Алла біреу ақ. Алла мұңсыз. (әр Нәрсе Оған Мұқтаж). Ол тумады да туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес".
- Қадыр сүресі – 100 рет.
Бисмилләһир рахманир рахим. Иннә әңзәлнәһу фи ләйләтил қадыр. Уә мә әдракә мә ләйләтул қадыр. Ләйләтул қадри хайрум минәл фи шәһр. Тәнәззәлул мәләикәту уәр руху фи һә биизни раббиһим мин кулли әмр. Сәләмун һиә хатта мәт ләғил фәжр.
Қадір сүренің қазақша мағынасы былай болып келеді: "1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады".
- Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдур расулуллаһ – 100 рет.
Қазақша мағынасы: Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі.
Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ғабдуһу уә расулуһ – 100 рет.
Мағынасы: Алладан басқа ешбір тәңір жоқ және Мухаммед Оның Елшісі және құлы екендігіне куәлік беремін.
- Астәғфируллуһ – 500 рет.
- -Лә иләһә иллаллаһ уахдәһу лә шарикәләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду, уә һуә ғалә кулли шәйин қадиир – 100 рет.