Наурыз айындағы ҰБТ-ның үш аптасында 88 мыңға жуық адам тест тапсырды, деп хабарлайды ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметінен.
Шекті балды 72%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 65 балды (бес пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл — 139, оны Алматы қ. және Шығыс Қазақстан облысында оқитын 2 талапкер жинады.
Тестке қатысушылардың 70,7%-ы қазақ тілінде, 29,2%-ы орыс тілінде, 100 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18,1%-ы "Математика-Физика" пәндер комбинациясын тапсырды. 14,8%-ы "Биология-Химия", 12,6% "Шығармашылық емтихан" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация — "Химия-Физика", оны 105 адам тапсырған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 232 талапкер қатысты.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады, бұл жағдайда сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Қазіргі таңда 121 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 43 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 55 адам шығарылды, ал 23 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, наурыз ҰБТ-сы 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 163 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.