Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түрде Жауғашты әйелдер колониясында балалардың жаппай улануы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
26 наурыз күні арнайы комиссия Жауғашты әйелдер колониясындағы балалардың улануы туралы ақпаратты тексерген. Тексеріс жұмыстарына денсаулық сақтау басқармасы, арнайы прокурор, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі және ҚАЖД өкілдері қатысқан.
Нәтижесінде 14 баланың уланғаны туралы ақпарат расталмаған. Алайда, 22-23 наурыз аралығында үш бала Іле аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне «энтеровирустық инфекция, 0-1 дәрежелі сусыздану» диагнозымен түскен.
«Олардың жағдайы орташа ауырлықта, оң динамика байқалады. Бір бала бастапқыда жансақтау бөлімінде болды, кейін жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды. Қазір екі бала анасымен бірге жұқпалы бөлімде, біреуі – анасын емдеу кезінде оған күтім жасап жатқан мейіргердің бақылауында болады», делінген хабарламада.
Дәрігерлер балалар үйіндегі барлық тәрбиеленушілер толық медициналық тексерістен өткенін, олардан инфекция белгілері анықталмағанын мәлімдеген. Бүгінде балалар үйінде 63 сотталған әйел өз балаларымен бірге тұрып жатыр. Оның ішінде 14 бала – еңбектеп жүретін топта.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін құқық қорғаушы Айман Омарова әлеуметтік желіде балалардың жаппай уланғаны және аналарының олармен кездесе алмай жатқаны туралы ақпарат таратқан еді.