Current Date: 31-03-2025

Елдегі спорт мектептерінің бірінде 28 жыл бойы директор ауыспаған

Бұл мерзім ішінде спорт мекемесінде ешқандай нәтиже болмаған.

Қазақстанда 521 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Енді бұл мекемелердің директорлары да ротацияланады. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Сенат отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ротация бізде жаңадан енгізіліп жатқан тәсіл. Бұрын болмаған. Оны неге енгізіп жатырмыз дегенге келсек, біріншіден, 2024 жылдың қорытындысы бойынша министрлік жанынан республикалық комиссия құрылған болатын. Комиссия барлық аймақты аралап шығып, негізгі проблемалармен танысқан. Оның біреуі – мекемелердің басшылары ештеңе нәтиже көрсетпей, кейбір аймақтарда 20 жылдан астам бір ұйымды басқарып келген. Әкімдер, спорт басқармасының басшылары ауысады, бірақ мектеп директорлары ауыспаған. Аймақтардың атауын айтпай-ақ қояйын. Бір директор 28 жыл отырған. Ешқандай нәтиже көрсетпеген, сол уақыт ішінде ол жерде даму да болмаған", — деді вице-министр.

Туризм және спорт министрлігі Оқу-ағарту министрлігінің тәжірибесін қарастырған.

"Кезінде бұл министрлік тиісті норма енгізіп, ол өзінің оң нәтижесін берген. Сондықтан біз дәл сондай тәсілді алып, спортқа енгізіп жатырмыз. Білім министрлігіне қарағанда бізде спорт ұйымдары көп емес. Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің саны – 521. Солардың бәрінде ротациялау тәсілін енгізгеннен кейін директорлар мен аймақтардың басшыларына талаптар қоямыз. KPI-ды орындамағандар әрі қарай өз жұмысын жалғастыра алмайды", — деді Серік Жарасбаев.

Айтуынша, ротацияның мерзімі 5 жыл деп белгіленген.

"Себебі олимпиадалық кезең 4 жыл болса, оған дайындалу уақыты – 1 жыл. Сондықтан 5 жылға ротация тетігін енгізіп жатырмыз. Бұл бір жағынан жұмыс істеп жатқан директорларға стимул болады. Олар бостан-босқа отырмас үшін осындай міндеттерді қойып отырмыз. Егер де оң нәтиже көрсетіп жатса, онда пролонгация арқылы тағы 5 жылға сол лауазымда қала береді. Егер нәтиже болмаса, онда басқа жерге ауыстырылады немесе жұмыстан босатылады",- деді Туризм және спорт вице-министрі.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанда легионерлерге емес, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға басымдық берілетінін жазғанбыз.