Жетісу облысы Алакөл ауданы Достық ауылының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Омарова TikTok-тың беделді Discover List-2025 тізіміне енді, деп жазады Egemen.kz.
Discover List — бұл көрерменді шабыттандырып, түрлі тренд жасап жүрген, әлемнің әр түкпіріндегі түрлі мазмұндағы контент авторларына арналған TikTok жобасы.
Оқу-ағарту министрлігі Ботагөз Омарованың осы тізімдегі «Оқытушылар» санаты бойынша еңбегі еленгенін атап өтті.
Білім беру саласында 20 жылдан бері шәкірт тәрбилеп келе жатқан ұстаз TikTok-қа 2020 жылы тіркеліп, парақшасын белсенді жүргізе бастаған. Бүгінде парақшадағы жазылушылар саны 160 мыңнан асқан.
Ұстаздың сабақ беру процесіндегі ерекше әдістемелері аудитория назарын аударған. Ботагөз Омарова қысқа бейнероликтерде тіл мен әдебиетті үйренудің креативті жолдарын ұсынады.
Желі пайдаланушылары педагогтен тек сабақтағы ережелерді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар мәдениетті, таза сөйлеуге және тілдің ерекшеліктерін оңай түсінуге болатынын жазған.
«Мен тілді үйрену — ережелерді есте сақтау емес, қызықты процесс екенін көрсеткім келді», дейді педагогтің өзі.
Ол TikTok-тың оқытушыларды қолдайтын бірқатар жобасында бақ сынап, 2023 жылы жеңімпаз атанған.