Прагадан шығысқа қарай 135 шақырым жерде Поличка қаласының аумағында орналасқан металл өңдеу және оқ-дәрі шығаратын зауыт қоймасында жарылыс болды, деп хабарлайды Egemen .kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жарылыс тротил (ТНТ) сақталған STV Invest холдингіне тиесілі қоймада болған.
Оқиға салдарынан бір адам ауыр жарақат алып, тікұшақпен ауруханаға жеткізілген. Жергілікті билік қауіпсіздік мақсатында аймақты қоршауға алып, барлық көшелерді жауып, кәсіпорын қызметкерлерін эвакуациялаған.
Компания өкілдері алғашқы тексеру нәтижелеріне сүйене отырып, жарылыстың өндірістік процестегі техникалық қателіктен болуы мүмкін екенін хабарлады.
Айта кетейік, STV Invest холдингі артиллериялық оқ-дәрілер өндірісімен айналысады, сондай-ақ жаяу әскердің соғыс машиналары, танктер мен гаубицаларды жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, компания автобустарға арналған есік жүйелерін шығарады.
Қазіргі таңда жарылыстың нақты себебі анықталып жатыр.