Current Date: 30-03-2025

БҚО-да екі ай ішінде 130 тұрғын алаяққа алданған

Батыс Қазақстан облысында екі айда алаяқтардың арбауына түскен 130 тұрғын 200 миллион теңгесінен айырылған. Прокурорлар "Киберпол" қызметін сынға алды.

Талдауларынша, полицейлер онлайн дүкендердегі ұсақ алаяқтарды ұстаумен ғана шектеліп отыр. Банктер мен байланыс операторлары да азаматтардың жеке деректерін қорғауды тиісті деңгейде қамтамасыз етпейді, деп жазады qazaqstan.tv.

Тергеу барысында алаяқтар жәбірленушілердің шотындағы қаржы туралы алдын ала біліп отырғаны анықталды. Тіпті, бірнеше банк қызметкері жеке деректерді бейтаныс біреулерге сатқан.

"Екі айда алаяқтық қылмысы 44 пайызға өсті. "Киберпол" қызметі әлі күнге дейін қылмыстық топтарды анықтаған жоқ. Бірде-бір SIM box табылмаған. Жұмысқа IT мамандарды тарту мәселесі шешілмеген. Тергеу сапасы да төмен. Өндірістегі 118 істің тек үшеуі сотқа жолданған. Сондай-ақ, азаматтардың жеке деректерін қорғауды қамтамасыз етпейтін банктер мен байланыс операторларының жауапкершілігін арттыру керек." Азамат Кустанов, облыс прокурорының орынбасары