Current Date: 30-03-2025

Мемлекет МӘМС бойынша 500 млрд теңгені кем төлеген

Былтыр Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттен шамамен 500 млрд теңге кем алды.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Министр дәл осы себептен емханаларда ұзын-сонар кезек пайда болып, қазақстандықтарға кейде тегін дәрі-дәрмек жетпей қалатынын атап өтті.

МӘМС жүйесінде әрбір азамат ай сайын жалақысынан 2% жарна төлейді. Жұмыс беруші де әр қызметкері үшін қосымша 3% аударады.

"Бұдан бөлек, 15 санаттағы азаматтар бар: зейнеткерлер, балалар, студенттер және тағы басқалар. Олар үшін жарнаны мемлекет төлеуі тиіс. Заң бойынша — орташа жалақының 2%-ы көлемінде. Ал іс жүзінде не болып жатыр? Азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақтылы төлейді. Төлемесе — бірден жүйеден шығарылады, медициналық көмек тоқтайды", - деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша жүйе жыл сайын 250 млрд теңге жоғалтады.

"Ал, мемлекет ше? Қаржы министрлігі жарнаны орташа емес, медиандық жалақыдан есептейді. Бұл — заң бұзушылық. Орта есеппен жүйе жыл сайын 250 млрд теңге жоғалтады. 2024 жылы тіпті осы азайтылған жарнаның жартысы ғана төленген. Соның салдарынан денсаулық сақтау жүйесі 2024 жылы 500 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылды. Бұл жай ғана сан емес. Осы қаражаттың түспеуіне байланысты, емханалардағы ұзын-сонар кезек, қолжетімсіз анализдер мен дәрі-дәрмек, және уақытында көмек ала алмаған мыңдаған адам. Сонда қалай болады? Азамат төлемесе — жүйеден шығарылады. Ал мемлекет төлемесе — ештеңе болмайды. Ешкім жауап бермейді. Заң бәріне ортақ болуы керек", — деді депутат.