Дания үкіметі 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап әйелдер үшін міндетті әскери қызметті енгізу туралы шешім қабылдады. Қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен бұл қадамның гендерлік теңдікке қол жеткізуге және қарулы күштерді нығайтуға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қарулы күштер жаңа сарбаздарды көптеп тартуы тиіс. Сондықтан 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап әйелдер мен ерлерге бірдей әскери міндет жүктеледі. Бұл – маңызды қадам», деді министр.
Бастапқыда оларды әскерге 2027 жылдан бастап шақыру жоспарланған. Сонымен қатар, міндетті әскери қызмет мерзімі 4 айдан 11 айға дейін ұзартылған. Қазіргі таңда әйелдер Дания қарулы күштерінде тек ерікті түрде қызмет етеді.
Айта кетейік, Данияда әскери міндеттілік принципі бойынша, егер қажетті мөлшерде ерікті сарбаздар жиналмаса, әскерге шақыру жүзеге асырылады. Кімнің шақырылатынын жыл сайын арнайы лотерея анықтайды. Бұл шешім әйелдер мен ерлер арасындағы теңдікті күшейтіп, Данияның қорғаныс әлеуетін арттыруға бағытталған.