Жетісу өңірінің тұрғыны өмірінде бірінші рет жеке куәлік алды.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың соңында Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Газиз Аманжолұлына Талдықорған қаласының №1 емханасының учаскелік мейірбикесі Галина Кравченко жүгінді. Ол өзінің кезекті учаскелік тексерісі кезінде үш баласы бар, бірақ ешқандай құжаты жоқ ананы кездестіргенін айтады. Самал (2001 жылғы) тіпті балаларына берілетін жәрдемақыларды да рәсімдей алмаған. Себебі өзі де ешқандай ресми құжатсыз жүрген.
Самалдың айтуынша, марқұм анасы Кеңес Одағының паспортымен жүрген, ал 2020 жылы ол дүниеден озғанда қазақстандық құжат рәсімдемеген күйі кетіпті. Жақын адамның қайғысы, тұңғыш баланың дүниеге келуі және жеке басын куәландыратын құжаттың болмауы – бәрі бір уақытта қабаттасып, жас отбасының жағдайын ауырлатқан. Мектепте оқып жүргенде-ақ мәселе туындаса да, мәселенің мәнін Самал 18 жасқа толғанда ғана терең түсінген.
Әлбетте, құжаттарды қалпына келтіру – Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің тура міндетіне кірмейді. Алайда Ғазиз Аманжолұлы азаматтық ұстанымын көрсетіп, жас ананың мәселесіне бей-жай қарамаған. Түскі үзіліс кезінде ол "Жанұя" атты жергілікті отбасын қолдау орталығының директоры Жанар Нұрмұхановамен видеоконференция ұйымдастырды. Сондай-ақ маман миграциялық полицияның облыстық басшылығына хабарласып, Самалға жеке куәлікті рәсімдеуге жәрдемдесуін өтінген. Осы әрекеттердің арқасында жас отбасы үшін мәселе жылжып, нақты шешім табу мүмкіндігі туды.
"Самалға бұл мәселе біздің құзыретімізге кірмейді деп айтуға болатын еді. Алайда адамның тығырықта қалғанын байқасаң, көмектесу керек. Әр азаматтың толыққанды құжаттары болып, жәрдемақыларды алуға мүмкіндігі болуы маңызды", – дейді Ғазиз Аманжолұлы.
Бүгінде 24 жастағы Самал алғаш рет өз атына жеке куәлік алды. Алдағы уақытта 3 баласының да құжаттары реттеліп, оларға тиесілі әлеуметтік төлемдер беріле бастайды.