Current Date: 30-03-2025

Қостанай облысына жедел жәрдем тікұшағы берілді

Қостанай облыстық жедел жәрдем қызметінің санитарлық авиациясы «Eurocopter H-145.D-3 Airbus helicopter» тікұшағымен толықты.

Бұған дейін өңірлік санавиация қызметінің меншігінде «АН-2» ұшағы мен екі автокөлік болған. Жаңа тікұшақ шалғай аудандарға шұғыл медициналық көмек жеткізу мүмкіндігін едәуір кеңейтіп отыр. Дәрігер мамандардың айтуынша, санитарлық тікұшақ алыс елді мекендерге жедел көмекке келіп, ауыр науқастарды облыс орталығындағы емдеу мекемелеріне жеткізетін болады.

Облыстың санитарлық авиация қызметінде күн сайын дәрігер, фельдшерден тұратын арнайы бригада кезекшілік етеді. Қажет бола қалған жағдайда, шалғай ауылдарға белгілі бір салаға маманданған жоғары білікті дәрігерлер мен балалар дәрігерлері де ұшып бара алады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен жылы жедел жәрдем қызметі шалғай аудандарға 74 рет санитарлық авиациямен, 353 рет арнайы медициналық автокөлікпен жеткен. Ал жыл басынан бері санитарлық авиация бригадалары алыстағы ауыр науқасқа 92 рет автокөлікпен жетсе, 8 рет «Ан-2»-мен ұшқан.