Current Date: 14-03-2025

Ақтаудағы ұшақ апаты: Бозымбаев ИКАО өкілімен кездесті

Вице-премьер Қанат Бозымбаев ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының директоры Николя Ралломен кездесті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қанат Бозымбаев ИКАО-ға Қазақстанмен ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, тәуелсіз сарапшы Тормодур Тормодссонды Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған жерге уақтылы жібергені үшін алғысын айтты.

"Бізге көрсеткен тұрақты қолдауыңызға, соның ішінде бастамаларымызды қолдағаныңыз үшін Үкімет атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Осы тергеуді толық аяқтау мақсатында ИКАО-мен өзара іс-қимылды жалғастырамыз", — деді Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер ұшақ апатының алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның объективті және жан-жақты тергеу жүргізуге басымдық бергенін жеткізді.

Үкімет мәліметінше, Николя Ралло Қазақстанның қысқа мерзім ішінде дайындаған және жариялаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының апаты туралы алдын ала есебін жоғары бағалаған.

"Апаттан кейін 1,5 айға жетпес уақыт ішінде алдын ала қорытындыны аяқтауға қол жеткізген Қазақстан мен тергеу комиссиясының жұмысын атап өткім келеді. Мен сізді тергеу барысында Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны толық орындауды жалғастыруға шақырамын", — деді Николя Ралло.

Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу бойынша қорытынды есеп Чикаго конвенциясына сәйкес биыл жыл соңына дейін жарияланбақ.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі — бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз