Дәрігерлер аяғы ауыр келіншекті шұғыл босандыруға талпынған болуы мүмкін.
Шу көпсалалы аудандық орталық ауруханасындағы жүкті әйелдің өліміне байланысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еске салайық, марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындар аталған оқиғаға қатты алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілерде дабыл қаққан еді.
Олардың сөзінше, 5 наурызда әйел жүктіліктің 34-аптасында ауруханаға жатқызылған. 9 наурызда жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскен. Ал 10 наурызда дәрігерлер құрсақтағы шетінеген нәрестені ота арқылы алуға мәжбүр болыпты. Содан бері әйел жансақтау бөлімінде болған. Отандық БАҚ беттерінде "күйеуі әйелінің денесін аурухананың техникалық бөлмесінен тауып алған" деген ақпарат тарады.
– Осы жылдың наурыз айында Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасында ана өлімі тіркелді. Жүкті әйел 06.03.2025 жылы ауруханаға бүйрек инфекциясы және жүктіліктен туындаған ісіну диагнозымен түсті. Стационарда қойылған диагноздарға сәйкес тексеру, ем қабылдап жатқан. Сол мезетте ауруханада қан қысымының көтерілуі тіркеліп, қосымша тексерулер жүргізілді, – делінген Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінде.
Шу қалалық көпсалалы ауруханасының ресми мәліметінше, науқас 22 наурызда жедел жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігінен қайтыс болған.
– Ана өліміне байланысты тергеу басталды. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы жұмыс тобын құрды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Сараптама нәтижелері кейін жарияланады, – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Ана өлімінен соң, Жамбыл облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 317-бабының 2 және 3-бөліктері бойынша (медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан денсаулыққа ауыр зиян келтіру немесе өлімге әкелу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды.
Қазіргі уақытта қажетті сараптама жасау үшін мәйіт Тараз қаласына жіберілген.
Жантүршігерлік жайтқа елдің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова да пікір білдіріп, отбасына көңіл айтты.
– Анасын, жұбайын жоғалтқан отбасыға көңіл айтамын. Жағдайдан хабарымыз бар. Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы медициналық қызметтік бақылау комитетінің төрағасының орынбасарын шұғыл түрде Жамбыл облысына іссапарға жібердік. Тиісті комиссия құрылды, соның қорытындысы шыққанда шаралар қабылданады, – деді министр.