Current Date: 31-03-2025

Парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Халықаралық бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жайы мен келешегін талқылады.

Ерлан Қошанов Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жаңа «алтын 30 жылдықта» мәңгілік жан-жақты стратегия­лық әріптестік рухында ныға­йып келе жатқанын атап өтті.

– Бұл үздіксіз дамудың бас­ты қозғаушы күші ретін­де көшбасшыларымыздың жеке достық байланыстары мен ерен еңбегін айтуға болады. Әсіресе кейінгі жылдар қазақ-қытай қарым-қатына­сын жаңа деңгейге көтеруде маңызды кезеңге айналды. Мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің салып берген жолымен парламентаралық байланыстарымызды одан әрі дамытамыз деп сенемін, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері мәртебелі мейманға елдегі жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар туралы мәлімет беріп, парламентаралық ынты­ма­қ­тастыққа жеке тоқталды.

Бұл орайда екі ел Пар­ламенттерінің ықпалдастығын нығайтуда былтырғы Мәжіліс делегациясының Қытайға сапары тың қарқын берді. Ерлан Қошанов бастаған делегация Бейжің, Үрімші қалаларын­да болып, елдің басшылығы­мен және Парламенттегі әріптес­терімен жемісті келіссөз­дер жүргізген еді.

– Екіжақты әріптестікті дамытуда заң шығарушы орган­дардың маңызы мен рөлі ерекше. Жалпы, екі ел парламенттерінің тәжірибе алмасатын, үйренетін тұстары аз емес. Біз парламентаралық ынты­мақтастықты одан әрі нығай­туға мүдделіміз. Қытай тара­пынан да дәл осындай ықы­лас бар екенін білеміз. Осы тұр­ғыда әріптестерімізбен заң шығару саласында түрлі бағыт­тар бойынша тәжірибе алмасып келеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Екі ел арасындағы партия­аралық әріптестіктің де келе­шегі зор. Әңгімелесу барысында тараптар «Amanat» партия­сы мен Қытай Коммунистік партиясы арасындағы ынты­мақтастықты нығайту мәселесін де талқылады.

Өз кезегінде Лю Цзяньчао елдеріміз арасындағы страте­гиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді.

– Қытай Коммунистік партиясы мен «Amanat» партиясын байланыстыратын ортақ мақсаттар көп. Ол – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің дамуы жолындағы жауапкер­шілік. Біз бірлесіп, көшбасшы­ларымыздың стратегиялық бағдарын ұстанып, елдеріміздің одан әрі дамуына күш салуға тиіспіз. Мемлекет басшы­лары­ның сенім мен сыйластыққа негіз­делген берік достығы халық­тарымыз үшін өте құнды. Ендігі кезекте олардың уағда­ластықтарын іске асыру – біздің партияларымыздың ортақ міндеті, – деді Лю Цзяньчао.