Current Date: 31-03-2025

Жер сілкінісі: Жамбыл облысындағы бірқатар ғимаратта жарықшақ пайда болды

28 наурызда түнде Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласында болған жер сілкінісінен бірқатар ғимараттың қабырғасы жарылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жер дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т. Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 баллды, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында – 2 баллды құрады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық жедел штаб жұмыс істеуде.

Облыстық әкімдік мәліметінше, барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қалыпты жұмыс істеуде. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы, Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғасында жарықтың пайда болғаны анықталды. Басқа нысандар туралы ақпарат нақтылануда, — делінген мәліметте.

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жағдаймен танысу үшін Т.Рысқұлов және Меркі аудандарына барды.

8(7262)513575 нөмірі бойынша «жедел желі» іске қосылған.