Current Date: 31-03-2025

ҚТЖ "Жүк тасымалы" қызметіне қатысты заңсыздықтар анықталды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "ҚТЖ-Жүк тасымалы " қызметінен бәсекелестікке қарсы әрекеттер анықтаған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген тергеп-тексеру нәтижесінде HILL Corporation ЖШС мен "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС арасындағы бәсекелестікке қарсы келісім анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz агенттікке сілтеме жасап.

Тергеп-тексеру барысында "ҚТЖ-ЖТ" локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу кезінде әлеуеті жететін жеткізушілерді лайықты көрмей, арнайы шарттар қолданған. Бұл олардың сатып алу конкурстарына қатысуына кедергі келтіріп, бастапқыда-ақ HILL Corporation компаниясының мүддесіне жұмыс істеуіне бағытталған әрекеттерді айқындады.

"БҚДА жүргізген тергеп-тексеру нәтижелеріне қатысты компания сотқа шағымданған болатын. Алайда, 2025 жылғы 11 наурыздағы Жоғарғы сот қаулысына сәйкес, жергілікті соттардың HILL Corporation ЖШС мен "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС қатысты Агенттік тергеп-тексеруінің заңды екені туралы шешімдері өз күшіне енді. Локомотивтерге арналған мотор майларын жеткізу саласында анықталған бәсекелестікке қарсы келісімнің жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асты", – делінген хабарламада.