Current Date: 31-03-2025

Байменов ЮНЕСКО хатшылығына тоғызқұмалақ ойынының тақтасын табыстады

Тоғызқұмалақ – 2020 жылы адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енген ойын.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов Парижде Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенция хатшылығының басшысы Фумико Охинатаның кездесіп, тоғызқұмалақ ойынының тақтасын табыстады.

Федерация президенті 2020 жылы "Тоғызқұмалақ" ойынының Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілуіне қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО Хатшылығына алғысын білдірді.

Ол көне ойынның тарихы мен қазіргі таңдағы маңызы туралы айта келе, тоғызқұмалақ халқымыздың мәдени мұрасының маңызды бөлігі екенін, оның даналығы мен рухани құндылықтарын айшықтайтынын атап өтті.

Кездесу барысында Әлихан Байменов хатшылыққа тоғызқұмалақ ойыны тақтасымен бірге Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде стратосфераға жіберілген тұздықты табыс етті.

Федерация президенті ЮНЕСКО қызметкерлерін ойын ережелерімен таныстырып, олармен бірге бір партия ойнады, бұл жанды мұра халықтар мен мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтуға жағымды ықпал ететінің бір айғағы болды.


Оқи отырыңыз: "Ұлттық ойын атауы парламентке тиесілі емес". Бәйменов депутаттың тоғызқұмалақ атауын өзгерту ұсынысына жауап берді