Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Министр Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының техникалық комитеті төрайымы Ольга Соловьевамен жолыққан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кездесуде тараптар Қазақстанда және халықаралық деңгейде ауыр атлетиканы дамыту әлеуетін талқылаған. Әсіресе, елімізде өтетін ірі турнирлерге ерекше назар аударды. Мысалы, Қазақстанда шілде айында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді.
Сондай-ақ, 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай беретін әлем чемпионаты да елімізде ұйымдастырылмақ. Жиын барысында министр Қазақстанда өтетін халықаралық жарыстардың отандық спорт үшін маңызды екенін атап өтті.
– Ауыр атлетика – еліміздегі ең танымал әрі жанкүйері көп спорт түрінің бірі. Жанкүйерлердің қолдауы нәтижесінде біздің спортшыларымыз халықаралық ареналарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшылығына бізге сенім артып, елімізде беделді жарыстар өткізу мүмкіндігін бергені үшін алғыс білдіреміз. Өз тарапымыздан, аталған жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысушылар мен қонақтар үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз, – деді Ербол Мырзабосынов.
Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари Қазақстанмен ауыр атлетика спортын дамыту бағытында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын. Ол өз сөзінде Қазақстанның ауыр атлетиканы әлемдік деңгейде насихаттауда маңызды рөлге ие екендігіне тоқталды.
Кездесуден кейін Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари мен Ольга Соловьева елордадағы спорттық нысандарды аралап, алдағы жарыстарға дайындық барысымен танысты.
IWF басшысы соңғы бірнеше айда Қазақстанға екінші рет сапарлап тұр. Яғни, 2025 жылдың қаңтарында Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари елімізге ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысының қабылдауында болған еді. Сол уақытта да ауыр атлетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанның осы спорт түріндегі халықаралық ықпалын арттыру мәселелері қарастырылған-ды.