Оқиға Құлсары қаласында 27 наурыз күні түстен кейін болған.
33 жастағы күдікті көп ұзамай ұсталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Атырау облысы, Жылыой ауданының тұрғыны бұрынғы әйелін жұмыс орны, яғни емханада пышақтап, өлтіріп кеткен.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын растап отыр.
– Құлсары қаласындағы адам өлтіру дерегіне байланысты кешенді тергеу амалдары басталды. Қылмыс жасаған 33 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп хабарлады департамент.
Бейресми деректерде күдіктінің Шоқпартоғай ауылында тұрғаны айтылады. Марқұм келіншек аудандық емханада жұмыс істеген. Күдікті экс-әйелінің жұмыс орнына келіп, пышақтай жөнелген. Ер адамның оқиға орнынан қашып кетуге оқталғаны анықталды.