Current Date: 31-03-2025

Қазақтың қос мықты боксшысы бір салмақта жұдырықтаспақ

Олар – есімі елге белгілі былғары қолғап шебері.

Бокстан әлем чемпионы әрі Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновтың 54 келі салмаққа ауысуынан соң осындай жағдай тіркеліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов бұл салмақта кімнің бірінші нөмірлі боксшы болатынын айтты. Сонымен қатар, ол боксшылардың салмақ ауыстыруы World Boxing ережелерімен байланысты екенін еске салды.

– Сәкен Бибосынов 2024 жылы өткен Азия чемпионаты барысында жарақат алып қалған еді. Содан бері ота жасатып, ем-дом шараларын қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, World Boxing ұйымында салмақ дәрежелері басқаша. Сәкен бұған дейін 51 келіде өнер көрсетсе, енді жаңа ұйымда 50 келіде жұдырықтасу қиынға соғады. Сондықтан оған 55 келіге ауысқан тиімдірек. Бұл салмақта Махмұд Сабырхан бірінші нөмірлі болып қала береді, – деді бас бапкер Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында.

51 келіден жоғары салмаққа ауысқан Сәкен Бибосынов қазір оқу-жаттығу жиынында жүр.

– Қазір ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынындамын. Ресейдің Кисловодск қаласындамыз. 54 келіге ауыстым, – деді боксшы.

Осылайша, қазақ боксының қос мықтысы Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан бір салмақта қолғап түйістірмек. Екеуі бұған дейін 2020 жылы Қазақстан чемпионатының финалында кездесіп, Махмұд Сабырханның мерейі үстем болған еді.