Current Date: 31-03-2025

SDU University-де жасанды интеллектке арналған жаңа блок ашылды

Бұл нысан IT және инженерлік білім беруді дамытуға серпін беріп, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Бүгін SDU University-де маңызды оқиға орын алды – жасанды интеллект зерттеулеріне арналған жаңа SDU & Freedom Holding Corp. блогының ашылу салтанаты өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысты.

Жаңа блок Freedom Holding Corp. компаниясының "Freedom Шапағат" қайырымдылық қорының қолдауымен бой көтерді. 5,6 мың шаршы метр аумақта жасанды интеллект зертханалары, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған орталықтар, сондай-ақ интерактивті алаңдар орналасқан.

Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов бұл жобаға қолдау білдіру болашақ мамандарға жасалған инвестиция екенін атап өтті:

"SDU University-де жасанды интеллект бойынша жеке блоктың ашылуы заманауи технологияны зерттеу, дамыту және қолдану саласында жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді, сондай-ақ еліміздің экономикасы үшін үлкен маңызға ие. Бұл жобаға біздің қолдауымыз – жай ғана инфрақұрылымға салынған инвестиция емес, ертең әлемді өзгертетін жас таланттарға жасалған инвестиция. Біз технологияның күшіне және Қазақстанның ғаламдық цифрлық трансформацияда атқара алатын рөліне сенеміз".

Жаңа блок студенттердің қаржылық сауаттылығын дамытуға да мүмкіндік береді. Мұнда Freedom Academy сарапшылары инвестициялау және трейдинг негіздері бойынша оқытатын арнайы орталықтар ашылған. Сонымен қатар, бұл ғимарат финтех-инновациялар мен оларға қатысты салаларда зерттеулер жүргізетін орталыққа айналады. Сондай-ақ, мұнда түрлі тақырыптық іс-шаралар, конференциялар мен семинарлар өткізіледі. Студенттерге сапалы білім алуымен қатар, демалуға қолайлы арнайы аймақтар да қарастырылған.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:

"Жасанды интеллект блогының құрылуы – еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады, және бұл SDU University үшін үлкен жетістік. Бұл жоба студенттер мен зерттеушілерге болашақ технологияларын терең зерттеу және қолдану үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мемлекет ғылым мен білімді дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайды, және біз SDU университетін цифрлық технологиялар саласында Қазақстанды алдыңғы қатарға шығаратын мамандарды даярлайтын басты алаңдардың біріне айналады деп сенеміз. Мұнда жаңашыл идеялар мен инновациялық жобалар туындайтынына күмәнім жоқ".

Бүгінде SDU университетінде 9 мыңға жуық студент білім алуда. Жыл сайын оқу орнының бағдарламалары кеңейіп, білім алушылар саны артып келеді.

SDU University ректоры Әлімжан Игенбаевтың айтуынша, бұл бастама студенттердің әлеуетін арттырып, олардың инновациялық жобаларын жүзеге асыруға жағдай жасайды:

"SDU University – оқу процесі ағылшын тілінде жүргізілетін алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Біз IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес салаларында сұранысқа ие мамандарды 30 жылға жуық уақыт дайындап келеміз. Сондықтан халықаралық серіктестермен, академиялық институттармен және бизнес қауымдастығымен ынтымақтастық аясында даму перспективаларын айқын көреміз. Осы орайда, жаңа блок студенттердің әлеуетін арттырып, олардың стартаптарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сеніміміз мол. Бұл жаңа нысан – өңіріміздегі білім мен ғылым саласын дамытудағы үлкен қадам деп білеміз".

Жаңа нысан – Қазақстанның технологиялық дамуына жасалған маңызды қадам. Мұнда IT, финтех, инженерия және жасанды интеллект салаларында зерттеулер жүргізіліп, тың жаңалықтар ашылмақ.

Бұл бастама – тек SDU үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға. Жасанды интеллект пен технологиялық инновациялар саласындағы жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашып отыр.

серіктестік материал