Current Date: 14-03-2025

Астанада жүк көлігі мектеп оқушысын қағып кетті

Алған жарақатының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.

Астанада мектеп оқушысын көлік қағып кетуі оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

"Бейсекбаев көшесімен келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі Кенесары көшесінің қиылысында бұрылу кезінде, бағдаршамда белгіленген жолақтан жолды кесіп өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткені анықталды. Жаяу жүргінші бағдаршамның рұқсат етілген белгісі жанған кезде өтіп бара жатқан. Алған жарақатының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Жүргізушіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалады", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Астанада жолаушылар автобусы жүк көлігімен соқтығысты


Осы оқиға бойынша Астананың денсаулық сақтау басқармасы оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері барғанын нақтылады. Тиісті көмекке қарамастан, бала көз жұмған.