Аустралияның Мельбурн қаласында төңкеріліп тұрған ескерткіш бар. Бұл – Виктория штатының тұңғыш лейтенант-губернаторы Чарльз Ла Тробқа арналған мүсін .
2004 жылы орнатылған 5 метрлік ескерткішті жергілікті мүсінші Чарльз Робб жасаған. Ол осы туындысы арқылы «ерекше адамға – ерекше ескерткіш» идеясын жеткізгісі келген. Ла Троб Мельбурнды көгалдандыруға, университет, кітапхана, музей, аурухана салуға ұйытқы болған тұлға. «Университеттің басты мақсаты – адамның ойлау жүйесін төңкеріп, жаңа көзқарас қалыптастыру. Мінекей, бұл мүсін – соның рәмізі», деген екен мүсіннің авторы. Бір қызығы, дәл осы төңкерілген ескерткіш ел есінде жақсы сақталып, Ла Тробтың есімін қоғамға кеңінен танытты.