«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері «ÓzgeEpic» креатив хабына арнайы сапармен келіп, кеңістіктің жұмысымен танысты. Сапар барысында қатысушылар хабты аралап, оның мүмкіндіктері мен ұсынатын қызметтері жайлы мол мағлұмат алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Экскурсия барысында клуб мүшелеріне ең алдымен хабтың заманауи және креативті бағытта жабдықталған кітапханасы таныстырылып, мұнда келушілердің зияткерлік дамуына жағдай жасалғаны туралы айтылды. ÖzgeEpic креатив хабының кітапханасында “Steppe & World, “Mazmundama”, “Amal Books”, “Қасым кітап”, “Марфу пресс” баспасы кітаптары бар. Бұл көпшілік көркем және ғылыми кітаптарды оқып, пайдалы уақыт өткізетін мәдени-шығармашылық орын.
Сонымен қатар, көпфункционалды трансформер залы да ерекше назарға ілікті. Бұл зал түрлі іс-шараларды өткізуге ыңғайлы етіп жасақталған, қажеттіліктерге қарай әртүрлі форматқа бейімделе алатын бірегей алаң.
Экскурсия «ÓzgeEpic» кеңістігінің этно-мұражайымен жалғасты. Бұл этно-мұражай қазақтың ұлттық қолөнері мен дәстүрлі мәдениетін дамытып, насихаттау мақсатында креатив хаб құрамынан бір жағынан этно-мұражай, бір жағынан қолөнер шеберханалары ретінде жұмыс істейтін алаң құрылған.
Сондай-ақ қатысушылар заманауи өнер галереясын тамашалады. Заманауи өнер галереясы отандық суретшілер, фотосуретшілер мен перформерлерді қолдап, шетелдік коллабарацияларлы жүзеге асырады.
Экскурсия соңында клуб мүшелері жүрек пішінінде жасалған ерекше инсталляциямен танысты. Бұл инсталляция «ÓzgeEpic» хабының индустриалды революциялар кезеңдерінде адам болып қалу мәселелерін көтереді. Инсталляцияның концепт авторы — ÖzgeEpic, нобайын жобалаған — бейжіндік қазақ дизайнері Сая Мұратхан.
Сапар аясында «Бас редакторлар клубының» Президенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбайдың «Ғылыми кеш» жобасы аясында «Медиадағы коммуникация: Ақпарат тасқынындағы дәлдік пен жауапкершілік» тақырыбында ашық дәріс оқылды. Дәріс барысында ақпараттық кеңістіктегі қазіргі тенденциялар, коммуникация құралдарын тиімді пайдалану және жалған ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып, медиа мамандары мен жас журналистерге пайдалы кеңестер берілді.
Іс-шара қонақтары «ÓzgeEpic» креатив хабының заманауи әрі шығармашылыққа серпін беретін орталық ретінде маңызын атап өтіп, оның алдағы жобаларына сәттілік тіледі.