Current Date: 16-03-2025

Су ресурстары вице-министрі елордадағы су тасқыны қаупіне байланысты пікір білдірді

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров 2025 жылғы 6 наурызда Астанада өткен конференция аясында журналистерге берген сұқбатында елордада су тасқыны болу қаупінің бар-жоғын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Журналистер шендіден: "Астанада су тасқыны жүру қаупі бар ма" деп сұрады.

"Астана тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, ал су тасқыны кезеңі министрліктің тұрақты бақылауында. Контрреттегіште қазір жұмыс жүріп жатыр. Ол қызыл суды қабылдауға ғана емес, оны қала арқылы қауіпсіз өткізуге де дайын, сондықтан бұл ретте алаңдауға негіз жоқ. Астанада су тасқыны күтіліп отырған жоқ", — деп сендіреді Нұрлан Алдамжаров.

2025 жылғы 14 ақпанда Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев елордадағы су тасқыны қаупіне қатысты ақпаратпен бөліскен. Қалалық ТЖД басшысының мәліметінше, елордада 18 су тасқыны қаупі бар учаске бар.

2025 жылы 15 ақпанда Қазақстанда су тасқынын болжау жүйесі іске қосылғаны хабарланған.