Жамбыл облысында болған жер сілкінісінің салдарын анықтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірге үкіметтік жұмыс тобы келді. Делегацияны Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бастап барды, деп хабарлайды Egemen.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жұмыс тобының негізгі міндеттері: Зілзаладан зардап шеккен нысандардың жағдайын бағалау, Қауіпсіздік шараларын жедел қабылдау, Тұрғындарға қажетті көмек көрсету», — делінген хабарламада.
29 наурыз күні таңертең ТЖМ өкілдері, жергілікті билік органдары және сала мамандары Меркі ауылындағы зақымдалған ғимараттарды тексерді. Жедел штабтың отырысында өңірдегі сейсмикалық жағдай, қалпына келтіру жұмыстары және шығынды азайту шаралары талқыланды.
«Құрылыс нысандарының беріктігін тексеру, халыққа көмек көрсету және инфрақұрылымды қолдау басты назарда. Құтқарушылар, дәрігерлер мен инженерлер кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге дайын», — делінген хабарламада.
Азаматтық қорғаныс қызметтері өңірде күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.