Көкшетауда биылғы жылдың алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл шара Ақмола облысының түкпір-түкпірінен келген тауар өндірушілерді бір шаңырақ астына жинады. Ет, сүт өнімдері, бал, жаңа ауланған балық, ұн, көкөністер, жарма, кондитерлік тағамдар – барлығы 70-тен астам өнім түрі, жалпы салмағы 82 тоннадан асатын тауар қала тұрғындары мен қонақтарына нарықтағы бағадан 10-15% төмен ұсынылды.
Жәрмеңке аумағында 45 павильон құрылып, әрқайсысы белгілі бір өнімге арналды: бірінде – ет, екіншісінде – сүт өнімдері, үшіншісінде – ұн, ал төртіншісінде – көкөністер. Самауыр қайнап, әсем әуен шырқалып, балалар концертті тамашалап жатқанда, ересектер арбалары мен сөмкелерін толтыра бастады. Жәрмеңке аясында қарт адамдарға еріктілер көмектесіп, ауыр сөмкелерін көтеріп берді.
Жәрмеңкеге Ақкөл, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Шортанды, Сандықтау, Біржан сал аудандарының, сондай-ақ Көкшетау, Степногорск қалалары мен «СПК Көкше» акционерлік қоғамының өндірушілері қатысты.
Біздің халық үшін жәрмеңке тек сауда орны емес, ол – бірлік пен берекенің көрінісі. Адамдар азық-түлік алып қана қоймай, концерт тамашалап, би билеп, бір-бірімен қауышып жатады. Бұл – біздің мәдени кодымыз. Оның үстіне, мұндай шараның қасиетті Рамазан айының соңғы күні ұйымдастырылуы ерекше мәнге ие. Бұл – көктемнің, молшылық пен мейірімнің жаршысы іспетті, — дейді көкшетаулық тұрғын Әлия Ахметова.
Жәрмеңке тек азық-түлікпен ғана емес, мәдени шаралармен де есте қалды. Сахна төрінде аудан өнерпаздары ән шырқап, ұлттық билер орындалды. Сауда қатарларында бал, жаңа піскен нан, жұмыртқа, өсімдік майы сынды өнімдер ұсынылды. Жалпы, 100 мыңнан астам жұмыртқа, 30 тонна ет өнімдері, 16 тонна көкөніс, 2,6 мың литр май сатылымға шығарылды.