Еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Амманда (Иордания) өтіп жатқан Азия чемпионатының финалында жеңіске жетті.
Қазақстандық балуан 74 келіге дейінгі салмақта Қырғызстан спортшысы Орозбек Токтомамбетовпен кездесті. Нәтижесінде Нұрқожа Қайпанов 2:1 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, Нұрқожа өткен жылы олимпиадалық емес салмақта (70 келі) әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын.
Сондай-ақ, бұған дейін Ризабек Айтмұхан (97 келіге дейін) екінші орын алса, Рахат Қалжан (57 келіге дейін) қола медаль иеленген еді.