Current Date: 01-04-2025

Қазақстандағы мұғалімдердің жалақысы "жаңа жолмен" төлене бастады

2019 жылы Қазақстанда "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды. Осыдан кейін мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен екі есеге өсті, деп хабарлайды Zakon.kz.

kstnews.kz ақпараты бойынша, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінің жалақысы қосымша 30%-ға өсті, сондай-ақ өндірістен тартылған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтерінің қосымша ақысы 30-35%-ға жетті.

"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысының мөлшері бірқатар факторларға байланысты болды. Ең алдымен, бұл білім деңгейі, біліктілік санаты, осыған байланысты педагогтар 30-дан 50%-ға дейін қосымша ақы алды , бұдан бөлек еңбек өтілі, жүктеме көлемі, еңбек жағдайлары, академиялық дәрежесі (10 АЕК), тәлімгерлік, сыныптық басшылық үшін қосымша төлемдер төленеді.

Осылайша, оның материалдық табысының деңгейі мұғалімнің өзіне, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысына байланысты.

Ауыл мұғалімдеріне ерекше қолдау көрсетіледі, олардың жалақысы қала мұғалімдеріне қарағанда кемінде 25% жоғары.

Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жетілдірілгені хабарланған болатын.