30 наурыз күні еркін күрестен Ұлттық құрама палуаны Нұрқожа Қайпанов Азия чемпионатында 74 кг дейінгі салмақта топ жарды, деп жазады Egemen .kz.
Нұрқожа финалда қырғыз палуаны Орозок Токиомамбетовтан 2: 1 есебімен басым түсті. Осылайша отандасымыз Азия чемпионатының алтын жүлдесін үшінші рет иеленді.
Кеше 86 келіде бозкілемге шыққан Болат Сақаев финалда ирандық Аболфазл Ясер Рахманиге есе жіберіп, күміске қол жеткізді.
92 келіде Азамат Дәулетбеков жүлде жолында өзбекстандық Шерзод Пойоновты 2:1 есебімен жеңіп қола жүлдегер атанды. ТСМ Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, ол бұған дейін Азия біріншілігінде 86 кг дейінгі салмақта 3 алтын, 1 күміс, 1 қола алған.
Иордания астанасы Амманда өткен додада ел құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 2 қоламен жалпы есепте үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, 29 наурыз күні Ризабек Айтмұхан күміс, Рахат Қалжан қола жүлде еншілеген еді.