Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда Қытаймен су бөлу келіссөздерін жүргізе алатын дипломаттар саны туралы айтты.
Министрлік алқа мәжілісінен кейін журналистердің трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізетін мамандардың тапшылығы туралы сұрағына жауап берген ведомство басшысы бұл бағытта арнайы халықаралық департамент жұмыс істейтінін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
— Біздің министрліктің құрамында трансшекаралық су мәселелері бойынша келіссөздер жүргізетін халықаралық департамент бар. Онда 18 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде екі басқарма бар: бірі Қытай және Ресеймен, екіншісі Орталық Азия елдерімен келіссөздер жүргізуге жауапты, – деді Нұржігітов.
Министрдің айтуынша, су дипломатиясын дамыту мақсатында министрліктің орталық аппаратына да шет тілдерін білетін мамандар тартылған.
— Департаменттегі 18 адамның екеуі – басшылық құрам, қалған 16 маман екі басқармаға бөлінген. Әр басқармада 8 дипломаттан бар. Сонымен қатар министрліктің орталық аппаратында қытай, ағылшын, түрік тілдерін меңгерген мамандар жұмыс істейді. Олар да су дипломатиясын дамытуға үлес қосады, – деді министр.