Current Date: 01-04-2025

"Ұйғыр мен қытайға да қазақша үйретіп жіберді": Қырғыз азаматы Қытайдағы қазақтардың мықтылығына таң қалды

Желіде Қытайдағы этникалық қырғыз азаматының Қытайдағы қазақтар туралы айтқан сөзі тарады .

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы.

Видеодағы ер адамның айуынша, Қытайдағы өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлеп кеткен. Ал, жергілікті қырғыздар өз ана тілдерінен намыстанатын көрінеді.

«Біздің Манастан қалған, Шыңғыстан қалған әдемі тіліміз бар. Жүсіп Мамай аталарымыз сөйлеген тілден біз неге намыстануымыз керек?! Қазақ туғандар мықты. Мықтыны мықты деу керек. Бұлар ынтымақ жағынан болсын, өздерінің ана тілі жағынан, мемлекетік тіл жағынан болсын мықты. Мемлекеттік тілде біз де сөйлейміз. Осы елде тұрған соң мемлекеттік тілде сөйлеуіміз керек. Ал, қазақ туғандар қазақ тілін көп ұлттарға үйретіп жіберді. Онда да сен қазақша үйрен деп ешкімді қинап үйреткен жоқ. Өзіміз үйреніп кеттік. Он қырғыз жиналып тұрып, ортамызда бір қазақ болса, қазақша сөйлейміз. Қазақтар ұйғырларға, моңғолдарға, керек болса қытайларға да қазақша үйретіп жіберді. Өзге ұлттар біздің тілді қазақтар түсінбей жатыр ғой деп, амалсыз қазақша сөйлеп кетті. Ал, біз қайтеміз? 10-20 қырғыз жиналып алып, бір қырғыз немесе бір ұйғыр келсе, солардың тілінде сөйлейміз. Себебі, біздің тілді ешкім білмейді. Білмеймін, біздің намыстанамыз ба, әлде көп тіл білеміз дегендей мақтаныш қылып сөйлейміз бе?! Қытайда тұрып қырғыздардың бәрі осындаймыз. Ерекше, керемет тіліміз бар. Намыстанбай сөйлеуіміз керек. Тіл — біздің жаратылысымыз, байлығымыз. Сондықтан, құрметті туғандар, намыстанбаңыздар, сөйлеңіздер. Мемлекеттік тілде сөйлейміз деп өз ана тілімізді ұмытып қалмайық. Екі тілді тең алып жүрейік», — дейді ол.

Желі қолданушылары тіл мәселесі қазақ пен қырғызға ортақ екенін жазуда.

«Өкініштісі, шетте жүріп қазақ тілін ұмытпаған бауырларымыз елге келіп орысша үйренуге мәжбүр. Тіл бәрімізге ортақ мәселе болып тұр», «»Бішкекте де қырғыздар бір бірімен орысша сөйлеседі», «Негізі Қытайдағы қазақтардың ауызбіршілігі мықты», «Дұрыс айтасың, былтыр Қытайдан қырғыз бауырларымыз келді. Таза қазақша сөйлеп кеткен», «Өкінішке орай Қазақстандағы қазақатар жалтақ, жасықпыз, он қазақтың арасында бір орыс тұрса, орысша сайрап сала береміз» — деп жазды олар.