Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыс нәтижесінде әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкер пара алу және беру фактісі бойынша сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тайынша ауданы әкімінің орынбасары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы жол жөндеу жұмыстарына қатысты актілерге кедергісіз қол қою үшін жергілікті кәсіпкерден 10 миллион теңге пара алғаны анықталды.
Тергеу барысында бұл фактілер нақты дәлелдермен расталса да, жауапқа тартылған үш адам өз кінәларын мойындамаған және істеген істеріне өкінбеген. Алайда мемлекеттік айыптау олардың пара алу мен беру әрекеттерін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп шықты.
Петропавл қалалық соты прокуратура ұстанымымен толық келісіп, сотталушыларды нақты мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Олар 3 жыл 6 айдан 7 жыл 6 айға дейін сотталып, өмір бойына мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сотталғандар жазаларын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтейтін болады.