Current Date: 01-04-2025

БҚО-да 700-ден астам адам өзіне тиесілі тегін дәрі-дәрмекті ала алмай келген

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуға тиіс 700-ден астам адамның құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы Ақжайық аудандық ауруханасының қызметінде тегін медициналық көмектің берілген кепілдік көлемі аясында дәрі-дәрмекпен қамту мәселелеріне талдау жүргізген.

Талдау барысында мұқтаж адамдарды дәрілік препараттармен қамтамасыз етпеу фактілері анықталған.

Атап айтқанда түрлі диагнозбен диспансерлік есепте тұрған 700-ден астам пациент өздеріне тиесілі тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай келген, — делінген хабарламада.

Прокуратураның қадағалау шаралары негізінде дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету ұйымдастырылып, оларды алуға алдын-ала тапсырыс берілді.