Өңірдегі жағдай тұрақты деп бағаланып отыр.
Жамбыл облысында зілзаладан кейін құрылған үкіметтік жұмыс тобы зерделеу жұмыстарын толық бітірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.
Ресурстың хабарлауынша, 122 жергілікті тұрғын үйлеріне қатысты шағым айтқан. Комиссия арнайы сараптама жүргізіп, өтініштің 110-ын негізсіз деп таныды. Тағы 12 үйдің 10-ы жөндеуді қажет ететіні белгілі болды. Екі баспана тұруға жарамсыз.
Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы 14 әлеуметтік нысан ішінара зақымданған. Комиссияның бағалауы кезінде оның 9-ы тізімнен шығарылып, тек 5 нысан қалды.
Меркідегі аудандық аурухана, ауылдық амбулаториялар, балаларды оңалту орталығы мен бірқатар балабақшаның қабырғаларында сызаттар пайда болған. Оларды қалпына келтіруге шамамен 2,3 миллиард теңге қажет.
Билік аймақтағы жағдай тұрақты екенін айтады.