Current Date: 02-04-2025

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Мәнерлеп сырғанау : Михаил Шайдоров Бостон (АҚШ) қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Жалпы есепте ол жеке рекордын жаңартып (287,47 ұпай), жарысты екінші орынмен аяқтады. Бұл нәтижемен жерлесіміз 2026 жылғы Олимпиадаға қатысу нормативін орындады. Сондай-ақ әйелдер бәсекесінде Софья Самоделкина да Олимпиадаға жолдама алды.

Күрес: Иордания астанасы Амманда өткен ересектер арасындағы XXI Азия чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бұл додада (грек-рим, әйелдер және еркін күрес) 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.

Пара дзюдо: Грузияның Тбилиси қаласында көру қабілеті зақымдалған спортшылар арасындағы Әлем кубогінде жерлестеріміз 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншіледі.

Көркем гимнастика: Отандық спортшылар дәстүрлі «Афродита кубогі» турнирінде 9 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.

Спорттық гимнастика: Ұлттық құрама спортшысы Зейнолла Ыдырысов Германияның Штутгарт қаласында өткен халықаралық турнирде топ жарды.

Жүзу: Болгарияда өткен Bulgarian Open жарысында 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Глеб Коваленя жеңімпаз атанса, 100 метрге шалқалап жүзу сайысында Ксения Игнатова күміс жүлдеге қол жеткізді.