Current Date: 02-04-2025

Қазақстан туына арабша жазу жазған атыраулықтар қамауға алынды

Атырау қаласында Қазақстан туына арабша жазып алып, суретке түскен жастардың ісі сотта қаралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Олардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, видеомен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.

Облыстық соттың мәліметінше, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.

Сот қаулысымен құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылды.

«Н.-ға жауаптылығын ауырлататын мән-жайды ескере отырып (кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту; адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы), 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

А.-ға әкімшілік жаза ретінде 78 640 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ», — делінген Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты хабарламасында.