«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-да полипропиленді фракция жанып, зауыт үстінде үлкен алау пайда болған. Өрттің себебі анықталып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, 27 наурыз күні сағат 23.40-та Павлодар мұнай-химия зауытының аумағында өрт пайда болғаны туралы хабарлама келіп түскен.
«Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндірушілер жіберілді. Павлодар қаласының өрт сөндіру бөлімшелерінің барлық жеке құрамын жинау жүзеге асырылды, қосымша өрт сөндіру техникасы есепке енгізілді. Жедел және үйлесімді әрекеттердің арқасында өрттің таралуына жол берілген жоқ. Алғашқы болып жеткен «ПМХЗ» ЖШС МЕӨҚҚ күшімен жанып жатқан аймақ жойылып, технологиялық қондырғыларды оқпан арқылы салқындату жүргізілді.
Өрт 50 шаршы алаңда сағат 00.40-та толықтай жойылды. Өртті сөндіруге төтенше жағдай департаментінің күштері мен құралдары қатысты, сонымен қатар «ПМХЗ» ЖШС МӨҚҚ ,103 қызметі де жұмыс істеді. Оқиға орнында жедел өрт сөндіру штабы орналастырылды», деп мәлімдеді төтенше жағдайлар департаментінен.
Белгілі болғандай, зауыттың 1989 және 1982 жылы туған екі қызметкері күйікпен ауруханаға жеткізілген. Оларға медициналық көмек көрсетілген, бірақ ауруханаға жатқызудың қажеті болмаған.
Оқиға мұнай зауытының технологиялық процесіне әсер етпеген. Өрттің себебі анықталып жатыр.