Жамбыл облысында зілзаладан бүлінген баспана саны азайды. Үкіметтік жұмыс тобы тұрғындардан түскен арыздарды қарау барысында кейбір үйдің бұған дейін де тозығы жетіп тұрғанын анықтаған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әу баста зілзаладан 122 баспана зақымданды делінген. Алайда, "КТК" дерегіне сүйенсек, нақты бүлінген үй саны — он екі.
Мамандар шығын көлемін шығару үшін әлі де сараптама қорытындысы қажет дейді. Өйткені Меркі мен Тұрар Рысқұлов ауданында 17 әлеуметтік нысан зақымданған.
"Екі әлеуметтік нысан және бірқатар тұрғын үйдің зақымданғаны туралы өтініш түсті. Арнайы мамандармен және ғылыми зерттеу институтының және салалық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен зерделеу нәтижесіне сәйкес тиісті шешім қабылданады". Ернар Әбілдаев, Меркі ауданы әкімнің орынбасары
Меркідегі 5 баллдың зілзаладан аудандық аурухана ғимараты, бірнеше ауылдағы амбулатория, балаларды оңалту орталығы мен балабақша қабырғаларына сызат түскен.
Еске салайық, 28 наурыз күні күндіз Жамбыл облысында жер сілкінді. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 323 шақырым жерде орналасқан.