Current Date: 15-03-2025

Биыл елімізде 42 мыңнан астам азамат әскер қатарына алынады

Елде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

30 маусымға дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңға жуық азамат Отан қорғауға аттанады.

Президенттің пәрменімен биыл 42 мыңнан астам азамат әскер қатарына алынады. Оның 21 мыңға жуығы осы көктем айларында Отан қорғауға аттанады.

21 мыңға жуық азаматтың 2500-і Шекара кызметіне аттанады. Ұлттық ұланға 7054, Қарулы күштер қатарын 10598 адам толықтырады. Ал Мемлекеттік күзет қызметіне 290, Төтенше жағдайлар министрлігіне 391 сарбаз қабылданады. Қазіргі уақытта жігіттер шекара қызметі мен Ұлттық ұланға және Қарулы күштер қатарына жаппай алынып жатыр.

Мағжан Рахманқұл, әскерге шақырылушы:

- Бүгін Ақтау қаласына 25744 әскери бөліміне аттанғалы жатырмын. Яғни, Теңіз жаяу жүргіншілер сарбаздарына аттанып бара жатырмын. Әскерге бару себебім өз еркіммен ағамның жолын аттап басуға кетіп бара жатырмын. Ешкімнің қинауынсыз өз еркіммен кетіп бара жатырмын. Қазіргі жастарға айтарым, біз өз елімізді қорғамасақ, ешкім бізді қорғамайды. Сондықтан біз өз елімізді қорғауымыз керек.

Әли Байжігіт, әскерге шақырылушы:

- Ең басында ұялы телефоныма СМС келді. Яғни, әскерге шақырған. Осыны аңғара отырып, Есіл ауданы военкоматына келіп, мені таныстырды. Медтексеріс пен психологиялық тексерістен өттік.

Одан бөлек, мамандар мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың қандай жағдайда армиядан босатылатынын хабарлап, жаңа тізім жариялады. Яғни, 27 жасқа толған азаматтар мен денсаулық жағдайы бойынша қызметке жарамсыз деп танылғандар, Отан алдындағы борышын басқа елде өтегендер мен ғылыми дәрежесі бар азаматтар және діни бірлестіктердің қызметкерлері мен әскерде жақын туысы қайтыс болғандар армиядан босатылады.

Фархат Айдарбаев, ҚР ҚҚ Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары:

- Азаматтарды тексеру үшін өзіміздің цифрландырылған жүйеге кіреміз. ЖСН нөмірі болса сол арқылы біз ол баланы оқып жатыр ма, денсаулығында ақау бар ма немесе әскерге шақырылуға тиісті ме, отбасылық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылған ба ол туралы бүкіл мәлімет болады, Ішкі істер органдарының қолдарында.

Сәйкесінше, мына азаматтар әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыра алады. Яғни, жоғары оқу орнынан кейін білім алып жүргендер, ұстаздар, ауылдық жерлердегі дәрігерлер мен тергеуде отырғандар, денсаулығы жарамсыз деп танылғандар мен азаматтық әуе кемелерінің ұшу және су көлігі экипаждарының мүшелері уақытша әскерден босатылады. Айта кетейік, армияға шақыру онлайн режимде жүзеге асырылады.

Фархат Айдарбаев, ҚР Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары:

- Азаматтар әскерден жалтаратын болса, әкімшілік заңның 465-бабына сәйкес егер әскери комиссияға келмесе, 466-бап әскери комиссияға келіп, кейіннен медициналық сараптамадан өтпей, жүйелі түрде келмейтін болса, әкімшілік хаттама толтырылып, кейіннен барып жазаға тартылады.