Current Date: 02-04-2025

Жамбыл облысында пара алған шенеунік алты жылға сотталды

Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі .

Антикор мәліметінше, биылғы 20 наурызда Тараз қаласының соты Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Д. Кемеловке қатысты үкім шығарды.

Шенеунік жүк автомашиналарының иелері мен жүргізушілері М. Мамыровтан, Н. Абдуллаевтан және Е. Қанатовтан облыс аумағы бойынша кедергісіз жүріп-тұрғаны үшін 100 мыңнан 450 мың теңгеге дейін бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Мамыров пара берумен қатар, Абдуллаев пен Қанатовтан Кемеловтің пара алуына делдал болған, — делінген мәліметте.

Кемелов 6 жылға, Мамыров 3 жылға бас бостандығынан айырылды, пара берушілер Абдуллаев пен Қанатовқа әрқайсысына 5,6 млн теңге айыппұл тағайындалды.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.