Сарапшылар қазір отандық мұнай секторы инвесторлар үшін де тиімсіз дейді.
Қазақстанның мұнай қоры сарқылып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сарапшылар пікірінше, алдағы 10 жыл ішінде қара алтын қоры толық таусылуы мүмкін. Өйткені, қазірдің өзінде өндіріліп жатқан шикізаттың 15 пайызы игерудің соңғы кезеңінде тұрған кен орындарына тиесілі. Ал геологиялық зерттеулерге көңіл бөлініп, жаңа кен орындары ашылмаса, ахуал күрделене түспек.
Кейінгі жылдары қара алтын қорының сарқыла бастағаны жайлы жиі айтылып жүр. Ел экономикасы үшін алаңдатарлық ақпаратты шенеуніктер де, сарапшылар да растайды. Мәселен, өткен жылы 87,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Оның 13 миллионы, яғни шамамен 15 пайызы дәл осы таусылуға жақын кен орындарынан алынып отыр. Бірақ, алып кен орындары былай тұрсын, шағын ошақтарын ашу да міселеге айналды дейді сарапшылар. Себебі, геологиялық зерттеуге көңіл бөлініп отырған жоқ.
"Бізде шамамен 20 миллиард баррелдей мұнай қоры қалды. Оның 8-10 миллиарды "Қашаған" кен орнында қор есебінде сақталып отыр. Демек, "Қашағанда" шикізат көп көлемде өндіріліп жатқан жоқ. Әрі, кен орнын кеңейтуге қатысты сұрақтар бар. Яғни, турасын айтқанда, бізде 10 миллиард баррель шикізат бар. Ол дәл қазіргі өндіру қарқынымен шамамен он жылға ғана жетеді. Ал қалған мұнайды өндіру қиынға соғады. Құны да әлдеқайда қымбат болады", – деді сарапшы Олжас Байділдинов.
Сарапшылар қазір отандық мұнай секторы инвесторлар үшін де тиімсіз дейді. Өйткені, қолдан жасалған кедергілер көп. Яғни, әлі кен орнын тауып, іске кіріспеген инвесторға талаптар қойылады. Мәселен, жылына қанша тонна өндіруі қажет, неше тұрғынды жұмысқа алуы керек, нешесін оқытуға тиіс, бәрі-бәрі айтылады.
Ал ең сорақысы, инвестор алған өнімінің 60 пайызын ішкі нарыққа кемі екі есе төмен бағаға сатуға міндеттеледі. Сондықтан, талабы зор, қоры аз елге ірі бизнестің келуге құлқы жоқ деді сарапшылар.
Сарапшылар пайымынша, қазір мұнай қорын өндіріс көлеміне қарай ұлғайтудың амалын табу маңызды болып отыр. Сол кезде қажет шикізат қорын сақтауға мүмкіндік туады.