Жасы жүзден асқан соғыс ардагері Құрмат Рахимов Жеңістің 80 жылдығын Астанада қарсы алады , деп хабарлайды 24kz.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Қазір ол әскери шеруге қатысатын күнді асыға күтіп жүр. Ішкі істер саласында ұзақ жыл еңбек еткен ақсақал жас әріптестерімен жиі кездесіп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Сол дәстүрмен полиция қызметкерлері майдангердің үйіне барып, алдағы сапарын ақылдасты.
Құрмат Рахимов 18 жасында майданға аттанған. Литва мен Беларусь жерін азат етіп, Кенигсбергті алуға қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары ішкі істер саласында еңбек етті. Ізінен ерген әріптестері қариямен жиі жүздесіп, қал-жағдайын біліп тұрады. Қазір қарт жауынгер Астанада өтетін шеруге қатысуға дайындалып жатыр.
Құрмат Рахимов, соғыс ардагері:
- Мінекей, биыл 80 жыл Мен не күтем, бәрін бастан өткердім, енді күтіп отырғанымыз шеру болады деді, Қазақстанның өзінде республикада парад болады деп дайындалып жатыр. Енді әйтеуір Астанаға барып, өзіміздің парадқа қатысуымыз керек.
Жасы ұлғайғанына қарамастан, Құрмат Рахимов жастардың тәрбиесіне араласып, ақыл-кеңесін айтып отырады. Қоғамдағы жаңалықтарды қалт жібермейді. Оның жүріп өткен жолы, өмірлік ұстанымы бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Ерлан Омарбеков, облыстық ПД бастығы:
- Мен Осы Құрмат Рахимв еңбек еткен салада қызмет етіп, осы кісінің жолын жалғастырып келе жатқанымды мақтан тұтамын. Жасы жүзден асса да, бұл кісінің санасы зерек, өзі тың. Өткен жылы туған ауылы Күршімде атамыздың атындағы кадет мектебі ашылды. Соғыс ардагерінің майдандағы жолы да, еңбек жолы да тәрбие алуға тұрарлық.
Сала ардагері Нұрлыбек Үдербаев Құрмат Рахимовпен 20 жылдан аса бірге қызмет етті. Жасы 80-нен асса да, аға буын өкіліне қолдау білдіріп отырады. Барғысы келген жерге ертіп апарып, әр тілегін жерде қалдырмайды. Өткен-кеткенді еске алып, қария да серпіліп қалады.
Нұрлыбек Үдербаев, ШҚО Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Мен осы тірі жүрген ақсақалға қарап,өз әке шешемді, ағамды еске түсіремін. Біздің отбасыдан әксерге 4 адам барған, олардың біреуі ғана тірі келді. Сондықтан шын жүрегімізбен, шын пейілімізбен ақсақалды құрметтеп, аман-есен жүрсе екен деп тілеп, қас-қабағына қарап жүреміз.
Өңірде соғыс ардагерлерінің қатары азайды. Қазір майдангерлердің денсаулығына мән беріліп, олар медициналық тексеруден өтіп жатыр. Қарт жауынгерлер Астанадағы шеруді тамашалауға аттанады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов