Current Date: 16-03-2025

Астаналықтардың телефондарына дабыл ескертуі келді: министрлік өкілдері себебін түсіндірді

Цифрлық даму министрлігінің өкілдері бүгін астаналықтардың телефондарына келген дабыл ескертуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бүгін Астанада қала тұрғындары мен қонақтарының смартфондарында Ұлттық ескерту іске қосылды.

Қазіргі уақытта Астана қаласын Cell Broadcast технологиясы бойынша Төтенше жағдайлар кезінде жаппай құлақтандыру жүйесіне қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз.

Бұл ескерту тестілеу режимінде жүргізілді.

Уайымдамауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз", — делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Mac Alert жүйесін тексеру бойынша жүргізіліп жатқан техникалық жұмыстарға қатысы жоқ екенін хабарлаған еді.

"Жүйенің техникалық тексеруін іске қосу Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасы емес.

Сонымен қатар ТЖМ Mac Alert платформасын басқаруды жүзеге асырмайды және оған техникалық қызмет көрсету, конфигурациялау немесе тестілеу үшін жауап бермейді", — делінген министрлік хабарламасында.