Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1 маусымнан бастап бұл бастама Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.
"Бұл жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді. Жаңа жүйенің басты қағидаты ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұруға немесе қаржыландырудан айырылып қалуға жол бермейді", — деп жазылған хабарламада.
Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған:
- Нысаналы ваучер, мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;
- Әмбебап ваучер, баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады.
"Жаңа ережелерге сәйкес үйірмелер мен секцияларда балалардың сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық және өртке қарсы нормалар сақталуы, бекітілген білім беру бағдарламалары мен білікті мамандар болуы қажет. Бюджет қаражаты тек мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. Қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық форматта тіркеледі, ал бірыңғай платформа қаражаттың жұмсалуын ашық көрсетуді, процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық схемаларын азайтуды қамтамасыз етеді", — деп жазылған хабарламдаа.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз