Бауырлас Түркияда қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттап жүрген орталықтар мен ұйымдар көп. Солардың бірі-Алания қаласындағы «Қазақ әлемі» клубы. Елден жырақта жүрген қандастарымыз бен жергілікті халыққа салт дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды үйретіп, мәдени мұрамызды дәріптеп жүр. Алыстағы ағайынның ілкімді істері туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы айтсын.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Жерорта теңізі жағалауында орын тепкен ежелгі Алания қаласының іргетасы сонау үшінші ғасырда қаланған. Осы көне шахарда қазақтың бай мәдени мұрасы мен бағалы өнерін насихаттап жүрген бірнеше қазақ орталығы мен қоғамдық ұйымы бар. Солардың бірі «Қазақ әлемі» клубы қазақи құндылықтарды насихаттап жүрген бірегей ұжым.
Құрылғанына екі жыл ғана болған «Қазақ әлемі» клубы бүгінге дейін халыққа пайдалы талай шара өткізді. Мәселен, өткен жылы клуб жетекшісі Фериза Әбдімұратова Алания мен Анталия қалаларында сұңғыла жазушы, марқұм Мұхтар Мағауинмен кездесу өткізіп, көпшіліктің алғысына бөленді.
Фериза Әбдімұратова, «Түркиядағы Қазақ әлемі» клубының жетекшісі:
Мұхтар аға Мағауин осында болған кезде халық менен сұрай бастады. Түркияда тұрады екен сол кісіні тауып беріңіз деп. Сол кісіні тауып алдымен Аланияда ұйымдастырдық, одан кейін Анталияда тағы ұйымдастырдық екі рет ұйымдастырып оған Еуропадан қонақтар келді Қазақстаннан қонақтар келді. Ол кісінің өз аузынан тарихын тыңдап. Сондай разы болып батасын алдық.
Ұлттық мұраны ұлықтап жүрген ұйымның айналасына осы жақтағы өнерлі жастар да үйіріліп, түрлі шараларға атсалысады. Солардың бірі Меруерт Қуанышқызы өзінің тобымен қазақ биін шетелдік сахналарда паш етіп жүр.
Меруерт Қуанышқызы, «Фрески» би ансамблінің жетекшісі:
Он баладан әдемі бүлдіршіндерден би шығардық. Ол қазақ биінде әзербайжан ұлты да бар, түрік қыздары бар, қазақ орыс украин да бар грузин бар осы алты жеті ұлттың қыздарына қазақ биін үйреттік. Сол биді Наурызда паш еттік. Бұл жердегі мақсатымыз қазақ биін қазақ мәдениетін түркі елінде танытсын деген мақсатта қыздарды да тегін би үйірмесіне шақырдым.
Клуб жетекшісінің айтуынша ол түрлі шараларды әсіресе шетелде жүрген жастарға пайдам тисе екен деп өткізеді. Себебі өскелең ұрпақ елден жырақта жүргенде төл тамырынан ажырап қалмауы керек дейді.
Фериза Әбдімұратова, «Түркиядағы Қазақ әлемі» клубының жетекшісі:
Үлкен деген кішіге көрсетуі керек. Үлгі көрсетіп жатырмыз. Олар қазір түсінбесе де уақыт өтуіменен бір он жылдан кейін еске алады. Бізге үлкен кісілер қамқорлық жасап еді деп олар да басқаларға қамқорлық жасайды. Сол себептен біздің жасап жатқан шаруамыздың мағынасы өте зор. Жәй ғана тоғызқұмалақ үйрету, қазақ тілін үйрету емес. Біз тәрбиелей отырып шаруалар бітіріп жатырмыз да.
Клубтың алға қойған жоспар жобалары көп. Тіл үйрететін, тоғызқұмалақ, садақ ату сияқты ұлттық ойындарымызды дәріптейтін арнайы орталық ашуды көздейді. Ал қазір жергілікті телеарнамен бірігіп, қазақтың салт-дәстүрлері туралы деректі фильм әзірлеп жатыр. Шағын ғана ұжымның бар мақсаты атамекеннен алыста жүрсе де қазақ әлемінің бір бөлшегі екенін ұмытпау.
Айдос Әшімұлы