Current Date: 09-06-2025

Шерзат ісі: сот жарыссөзі басталды

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жарыссөз басталар алдында тараптар өтініштерін білдірді. Айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың адвокаты қорғауындағы адамның жауабын істен алып тастауды сұрады. Сот бұл мәселені ашық қалдырды.

Абзал Шынасылдың қорғаушысы соттан қорғауындағы адамның жарақатын іске тіркеуді сұрады. Адвокаттың айтуынша, төбелес кезінде Абзалдың қолында жарақаты болған. Адвокаттың сөзінше, осыған байланысты Шынасыл жәбірленушілерге толық күшпен соққы бере алмаған. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды.

Тағы бір қорғаушы соттан Қаржаубай Нұрымовты қайта тергеуді сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Кейін сот отырысы тараптардың жарыссөзіне өтті. Сот жарыссөз барысында тараптар тек сот отырыстарында зерттелген деректерді келтіре алатынын еске салды.

Шерзат ісі бойынша сот отырысы

2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар

Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget